Өзгертілген күн 21.09.2024, 07:41
Пайдалы мақалалар

"Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамы

01.09.2023

"Cақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз ұйым болып табылады.

Сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері:

1)    міндетті сақтандыру туралы талап, сақтандырудың түрлері мен ең төмен шарттары (оның ішінде сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелдері және сақтандыру сомаларының ең төмен мөлшерлері) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін, ал сақтандырудың өзге де шарттары мен тәртібі тараптардың келісімінде айқындалатын сақтандыру (жүктелген сақтандыру) түрлерін қоспағанда, міндетті сақтандырудың барлық түрі;

2)    "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын, өмірді сақтандыру;

3)    зейнетақы аннуитеттік сақтандыру;

4)    "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын аннуитеттік сақтандыру.

Қор акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады және өз қызметін "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" Қазақстан Республикасының заңына және құрылтай құжаттарының негізінде жүзеге асырады.

Қордың негізгі міндеттері:

1)    кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

2)    "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларда көлік оқиғасы нәтижесінде өзге тұлға өміріне, денсаулығына зиян келтірген тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

3)    "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" Қазақстан Республикасының заңында және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету болып табылады.