2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Қазақстанда алғаш рет микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі, ол азаматтардың микрокредит беру туралы шарттар бойынша дауларын, оның ішінде қазақстандықтардың микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеу мәселелерін, коллекторлық агенттіктерге берілген шарттар бойынша дауларды қарайтын болады.
Микроқаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғауға оның қалай көмектесетінін Fingramota.kz толығырақ айтып береді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА, Агенттік) бастамасымен 2024 жылы болып жатқан көптеген заңнамалық өзгерістер қазақстандық қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Ол үшін Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы19 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Жаңалықтардың бірі – Fingramota.kz бұған дейін жазған банк омбудсманының өкілеттіктерін күшейту және микроқаржы омбудсманы институтын құру.
Заңды іске асыру үшін реттеуші тамызда осы жылдың 21 желтоқсанынан бастап күшіне енетін Микроқаржы омбудсманын сайлау, қызметін мерзімінен бұрын тоқтату және жүзеге асыру қағидаларын әзірледі.
Микроқаржы омбудсманы деген кім?
Бұл – өз қызметінде микрокредит беру туралы шарттар шеңберінде туындайтын барлық мәселелерді шешетін, қарыз алушылар мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (МҚҰ) арасындағы тәуелсіз жеке тұлға, делдал. Микроқаржы омбудсманына МҚҰ клиенттері – жеке тұлғалар ғана жүгіне алады және оның көмегі тегін болады.
Мысалы, қарыз алушы микрокредит бойынша борышын уақтылы төлей алмады, төлеу мерзімі өтіп кетті. Ол туындаған проблемамен бейбіт келісімге келу және қайта құрылымдауға өтініш беру үшін өзінің МҚҰ-на жүгінді, бірақ ымыраға келе алмайды. Бұрын қарыз алушы мәселені қаржы реттеушісі арқылы немесе МҚҰ-мен соттасып қана шеше алатын. Енді желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсманына жүгінсе болғаны. Бұл ретте ол қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы немесе қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) берілген тұлға орындауға міндетті болады. Егер тараптардың келісімімен өзге мерзім белгіленбесе, микроқаржы омбудсманының шешімін орындау мерзімі күнтізбелік 30 күнді құрайды.
Микроқаржы омбудсманы өз қызметінде мынадай негізгі қағидатты басшылыққа алуға тиіс:
- тараптардың теңдігі;
- бейтараптық;
- микрокредит беру құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау;
- тараптардың құқықтарын сақтау және заңмен қорғалатын мүдделерін құрметтеу;
- қабылдау рәсімінің ашықтығы және шешімнің негізділігі.
Микроқаржы омбудсманының заңда белгіленген өзге өлшемшарттардан басқа жоғары экономикалық және (немесе) заңгерлік білімі болуы; іскерлік беделі мінсіз болуы; қаржылық көрсетілетін қызметтер және (немесе) қаржылық қызметтерді реттеу саласындағы жұмыс өтілі (кемінде бес жыл) болуы маңызды. Оның микроқаржы ұйымында немесе коллекторлық агенттікте, сондай-ақ оның жақын туыстары, жұбайы немесе зайыбы, жекжаттары ҚНРДА немесе Қазақстан Ұлттық Банкінде (ҚҰБ) басшы орындарда жұмыс істемеуі тиіс. Жекжаттар – ата-аналар, асырап алушылар, балалар, оның ішінде асырап алынған балалар, туған бауырлары, атасы, әжесі және жұбайының немесе зайыбының немерелері.
Осылайша, микроқаржы омбудсманына өтініш білдірген қарыз алушы тарапынан толық сенім болуға тиіс, сондықтан ол МҚҰ-мен және реттеушілермен үлестес тұлға болмауға тиіс. Мұны ҚНРДА, ҚҰБ және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің мүдделерін қорғаумен айналысатын қаржы ұйымдары қауымдастықтарынан бір өкілден тұратын Микроқаржы омбудсманы өкілдерінің кеңесі қадағалайтын болады.
Микроқаржы омбудсманы қалай сайланады?
Қазақстанда кімнің микроқаржы омбудсманы болатынын да сол Өкілдер кеңесі шешеді.
Уәкілетті делдал заң бойынша Өкілдер кеңесі мүшелерінің көпшілік даусымен 3 жылға сайланады. Бұл ретте микроқаржы омбудсманы жасырын дауыс беру тәсілімен сайланады.
Микроқаржы омбудсманының сайланғаны туралы ақпарат оның қызметке кіріскен күні көрсетіле отырып, Өкілдер кеңесі сайлағаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде Агенттіктің www.gov.kz сайтында орналастырылады.
Микроқаржы омбудсманы қандай өтініштерді қарамайды?
Микроқаржы омбудсманы мына:
- соттың қарауына қабылданған немесе олар бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар;
- олар бойынша қарыз алушы туындаған жағдайды реттеу мақсатында кредиттік шарт бойынша құқығы (талабы) берілген тұлғаға оның МҚҰ-ға өтінішінің жазбаша дәлелін ұсынбайтын;
- істің жаңа мән-жайлары болмаған кезде қайта жіберілген өтініштерді қарастырмайды.
Микроқаржы омбудсманының шешімімен келіспеген жағдайда, қарыз алушылар немесе МҚҰ сотқа жүгінуге құқылы. Азаматтар микроқаржы омбудсманының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне:
- А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша;
- Egov.kz электрондық үкімет порталы, E-Otinish жүйелері арқылы;
- аумақтық тиістілігі бойынша Өңірлік өкілдер басқармасы арқылы шағымдана алады.
Азаматтар «1459» нөмірі бойынша Агенттіктің call-орталығы немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы кеңес ала алады.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!