Кез келген қаржылық қызметтерді тұтынушылар әрқашан олардың алдындағы міндеттемелердің орындалатынына сенімді болғысы келеді, ал қаржы ұйымдары өздерінің клиенттері - жеке және заңды тұлғалардың мінсіз төлем тәртібіне ие болуына мүдделі.
Сақтандыру нарығына келетін болсақ, сақтандыру компанияларының клиенттері сақтандыру шарттарын жасай отырып, олардың мүдделері мен мүліктік құқықтарын мемлекет қорғайтынына сенімді болуға тиіс. Сақтандыруға сенімнің өсуін арттыру үшін көптеген елдерде Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі бұрыннан бері тиімді жұмыс істеп келеді, оның негізгі буыны Кепілдік беру қорлары болып табылады. Көптеген елдерде мұндай қорға қатысу-сақтандыру компаниясының сақтандырудың белгілі бір түріне лицензия алуы үшін міндетті шарт. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының мақсаты сақтанушыларға және өзге де пайда алушыларға төлемдерді кепілдендіру болып табылады.
Біздің елімізде сақтандыру қызметтерінің тұтынушылары сақтандыру компаниясы жойылған болса, не істеу қажет екені жөнінде көп жағдайда біле бермейді.
Қазақстан Республикасында «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» Акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «СТКБҚ» АҚ) сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылған пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін жалғыз ұйым болып табылады.
Қазіргі уақытта Қор көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша, туристі міндетті сақтандыру бойынша, қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан аннуитеттік міндетті сақтандыру бойынша, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес аннуитеттік сақтандыру бойынша төлемдерге кепілдік береді.
Төлемдерді кепілдендіру механизмі қалай жұмыс істейді?
Клиент сақтандыру компаниясынан сақтандыру полисін сатып алды, ал полистің қолданылу мерзімі ішінде уәкілетті орган бұл сақтандыру компаниясын лицензиядан айырып, сот шешімінің негізінде жойды делік. Осы шешім күшіне енген сәттен бастап сақтандыру компаниясының көрсетілген кепілдік берілетін сақтандыру түрі бойынша міндеттемелері «СТКБҚ» АҚ-ға ауысады. Осыдан кейін полистің иесі сақтандыру жағдайы басталған кезде «СТКБҚ» АҚ-ға тікелей жүгіне алады, өтініш жаза алады, растайтын құжаттарды ұсына алады және тиісті төлемді ала алады. Бұл Қордың заңмен белгіленген негізгі функциясы.
«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – «СТКБҚ» АҚ) сақтанушыларға мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.03 жылғы № 258 қаулысының негізінде 2003 жылғы тамызда құрылды.
2008 жылғы 1 қазаннан бастап Қордың акционерлері қатысушы сақтандыру компаниялары болды.
2018 жылғы 8 қазанда «Қазақстан Халық банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық-Life» еншілес компаниясы» АҚ және «СТКБҚ» АҚ арасында Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысу шарты жасалды. Қатысу шартының нөмірі: 50
Осылайша, «Халық-Life» АҚ-ның СТКБҚ-на қатысуы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша кепілдік төлемін, сондай-ақ мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтандырудың аннуитеттік сыныптары бойынша кепілдік төлемін алумен байланысты сақтанушылардың, сақтандырылған тұлғалардың немесе сақтандыру төлемдерін алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кепілдік береді.