Өзгертілген күн 21.09.2024, 07:41
Пайдалы мақалалар

Сақтандыру компаниясын қалай таңдаймыз?

30.07.2021

Әр адамға өз өмірінің сақтандыру қорғанысын сеніп тапсыруға болатын сақтандыру компаниясын таңдау жауапты шешім әрі ол белгілі білімді талап етеді. Cіздің өміріңізде қандай да бір қиын оқиға орын алғанда қаржылық қолдау көрсететін сақтандыру компаниясын қалай дұрыс таңдау керектігі туралы «Халық-Life» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Джексембаев Андрей Заманбекович айтып береді.

- Андрей Заманбекович, сақтандыру компаниясын таңдамас бұрын, алдымен ол компанияның сенімділігі, клиенттердің пікірлері мен брендтің танымалдылығын анықтау қажет екені белгілі. Дегенмен де, сақтандыру компаниясын таңдауда тағы неге назар аудару қажет. Сол жайлы толығырақ айтып бере аласыз ба?

- Ия, шынымен де, клиент сақтандыру шартын жасасуға ниетті өмірді сақтандыру компаниясын жете таңдау қажет. Ол үшін әлеуетті сақтандырушыларға компания және оның қызметі жайлы ақпаратты жеткізу, әрі дұрыс түсіндіру қажет, өйткені клиент компанияға өз жинақтарын ұзақ жылға сеніп тапсырады. Бұл қандай ақпарат және ол қандай болу керектігі жөнінде ұсыныстар да жеткілікті. Алайда, бұл ұсыныстардың әрқайсысы жеке өзі жеткілікті бола алмайтындықтан, мен оларды кешенді түрде ескеруді ұсынамын және клиенттерге сақтандыру компаниясының сенімділігі мен қаржылық тұрақтылығын сипаттайтын келесі фактілерге назар аударуға кеңес беремін.

1. Ең алдымен компанияда өмірді сақтандыру саласында өз қызметін жүзеге асыру құқығын беретін лицензияның болуы. Бүгінгі таңда Қазақстанда тек 6 сақтандыру компаниясының тиісті лицензиясы бар. Бұл компаниялардың тізімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сайтында «Қаржылық қадағалау» бөлімінде «сақтандыру секторы» бөлімінде орналастырылған.

2. Сақтандыру ұйымдарының нарықтағы жұмыс тәжірибесі. Әдетте сақтандыру ұйымы сақтандыру нарығында өз қызметтерін неғұрлым ұзақ ұсынса, соғұрлым ол бәсекеге қабілетті және нарықта белгілі бір берік орынға ие болады деп есептеледі. Мұндай ақпарат әдетте сақтандырушының сайтында ұсынылады.

3. Филиалдық желісінің болуы. Бұл факт компанияның елдің кез-келген аймағында қызмет көрсету мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Компанияның филиалдар желісі жақсы дамыған болса, оның қызметтерін адамдардың көбісі пайдалана алады.

4. Сақтандыру компаниясының қаржылық жағдайын бағалау. Мұндай ақпарат сақтандыру ұйымының ағымдағы қызметін, атап айтқанда төлем қабілеттілігі мен кредиттік қабілеттілігін бағалауға көмектеседі. Бұл сақтандыру ұйымының экономикалық жағдайдың өзгеруіне қарамастан жасалған сақтандыру шарттары бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындай алатынынын дәлелдейді. Сақтандыру компанияларының қаржылық көрсеткіштерін салыстыра отырып, келесі көрсеткіштерге назар аудару өте маңызды:

Активтері. Өйткені бұл мүлік, материалдық құндылықтар, инвестициялар және т.б. активтердің өсуі компанияның қызметін, әсіресе, егер ол жиналған сақтандыру сыйлықақыларының өсуі есебінен болса, оң сипаттауы мүмкін.

Сақтандыру резервтері. Бұл алынған сақтандыру жарналары есебінен сақтандыру компаниясы құратын және өзіне қабылданған сақтандыру міндеттемелерін орындауға арналған қор. Сақтандыру резервтерінің төмендеуі бұл жағымсыз көрсеткіш, өйткені дәл осы қаражат сақтандыру төлемдеріне жұмсалады. Сақтандыру резервтерінің тұрақты өсуі тұрақты сақтандыру компаниясына тән көрсеткіш.

Сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдерінің көлемі. Бұл көрсеткіштер сақтандыру компаниясының бизнес көлемін көрсетеді. Бұл ретте сақтандыру төлемдерінің сақтандыру сыйлықақыларына арақатынасы жүргізілген төлемдер деңгейін көрсетеді және сақтандыру компаниясы клиенттерге өтемақыны қалай төлейтінін, оның сақтандыру бизнесі қаншалықты шығынды және компанияда тәуекелді бағалау қаншалықты дұрыс жүргізілгенін көрсетеді.

Сақтандыру компанияларының қаржылық көрсеткіштері бойынша ақпаратты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сайтында «Статистика» бөлімінің «сақтандыру секторы» бөлімшесінен табуға болады.

5. Сенімділік рейтингі. Бұл компанияның сенімділік дәрежесін сипаттайтын көрсеткіш. Оны беделді рейтингтік агенттіктер, мысалы, AM Best, Fitch, S&P және т.б., төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылығы және т. б. сияқты компания қызметінің көрсеткіштерін талдау негізінде тағайындайды. Егер де сақтандырушының рейтингісі болмаса, бұл ойлануды қажет етеді.  Дегенмен сенімділік рейтингтері сақтандыру компанияларының тұрақтылығының толық көрінісін бермесе де, оларға бағдарлану қажет, өйткені рейтингтерде болжаммен танысуға болады. Мысалы, компания өз жайғасымын сақтап қала ма немесе оның рейтингісі жоғары/төмен бола ма. Әдетте, берілген рейтингтер туралы ақпарат сақтандыру компанияларының сайттарында жарияланады.

6. Сақтандыру бағдарламаларының кең спектрі. Егер компания сақтандырудың әртүрлі түрлеріне маманданған болса, онда бұл оның банкротқа ұшырау қаупін азайтады, дегенмен оны толығымен жоққа шығармайды. Сақтандырылмас бұрын, сақтандыру ережелерін зерделеу өте пайдалы, өйткені оларда сақтандыру жағдайының белгілері көрсетілген және сақтандыру төлемдерінен ерекшеліктері көрсетілген. Әлеуетті клиент - сақтандыру саласындағы маман емес екені түсінікті. Сондықтан мен клиенттерге ұялмауға және сақтандыру компаниясының өкілінен барлығын жете сұрауға, сондай-ақ одан түсініксіз болып көрінетін ережелердің барлық тармақтарын нақтылауға кеңес беремін. Бұл өте орынды. Клиентті қызықтыратын сақтандыру бағдарламаның ережелерін қашан да сақтандыру компанияларының сайттарында белгілі бір сақтандыру қызметін сипаттайтын бөлімнен табуға болады.

7. Басқа адамдардың белгілі бір компания туралы пікірлері. Тәуелсіз ақпараттық порталдарда материалдарды іздестіру жақсы екені анық. Бірақ көп жағдайда пікірлерді бір нәрсеге наразы адамдар қалдыратынын да ескеру қажет. Алайда әрбір сақтандыру жағдайы жеке болып табылады және теріс пікірдің артында клиенттің төлем шарттары туралы хабардың жеткіліксіз болуы, ал жасырын жарнама оң пікірде болуы мүмкін. Мұндай ақпаратты іздейтін интернет-ресурстарға сенетіндігіңізді түсіну маңызды.

Жоғарыда келтірілген факторларды қорытындылай келе, сақтандыру компаниясын таңдау кезінде, ең алдымен, компания туралы бар ақпаратты талдай отырып, кешенді тәсілді қолдану керек және оның қаржылық көрсеткіштерін міндетті түрде тексеру керек екенін тағы бір рет атап өтемін. Қазір бұл өте оңай, өйткені компания туралы кез-келген ақпарат интернетте қолжетімді. Сақтандыру компаниясын таңдаудағы ең бастысы-бұл әрекеттердің дәйектілігі және асықпау. Таңдауды байыпты түрде қабылдаңыз, сонда сіз өзіңізге сенімді сақтандыруды қамтамасыз ете аласыз және болашаққа сенімді бола аласыз.